Тоқаев Украинадағы соғысты уақытша тоқтату туралы сөзінің мәнін түсіндірді

Тоқаев Украинадағы соғысты уақытша тоқтату туралы сөзінің мәнін түсіндірді
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары кезінде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Украинадағы әскери іс-қимылды уақытша доғару туралы бұған дейін айтқан сөзінің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

ARD телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен Мемлекет басшысынан Омбы қаласында айтқан мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Ресейдегі қазіргі ахуалға баға беруді сұрады.

Президент Владимир Путинді Ресей басшысы әрі мемлекет қайраткері ретінде Орталық Азия, Еуропа, соның ішінде Қазақстан және жалпы әлем үшін маңызды саяси тұлға деп бағалайтынын айтты.

«Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Украинадағы жағдай Қазақстанды да алаңдататынын атап өтті.

«Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз», – деді ол.

Тоқаев Қазақстанның Украина халқына, оның тарихы, мәдениеті, дәстүрі мен тіліне құрметпен қарайтынын айтты.

Президент соғысты «дереу тоқтатуды» ұсынбағанын нақтылады. Оның айтуынша, қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінеді.

«Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді», – деді Мемлекет басшысы.