Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарының құрылысын ресми түрде бастады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент көлік-логистика саласы Қазақстанның экономикалық өсімі мен транзиттік әлеуетін арттыратын негізгі бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің басты мақсаты – Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын жетекші логистикалық хабқа айналдыру.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, жүк тасымалы бес есеге артқан. Сонымен қатар Алматыны айналып өтетін теміржол желісі пайдалануға беріліп, жүк жеткізу мерзімі қысқарған.
Президенттің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 13 мың шақырым автожол салынып, жөнделсе, оның 6 мың шақырымы пайдалануға берілген. Ал келесі жылы еліміздегі автокөлік өткізу бекеттері толық жаңғыртылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жаңа жолының маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыт Қытай шекарасын Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырып, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының жолын шамамен 1 мың шақырымға, ал жеткізу уақытын үш тәулікке дейін қысқартады. Президент осыған байланысты жаңа дәлізді «Арал–Каспий магистралі» деп атауды ұсынды.
Сондай-ақ жалпы ұзындығы 774 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» бағыттары кеңейтіліп, толық жаңғыртылады. Жобаларды отандық компаниялар жүзеге асырады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам адам тартылады. Жолдар пайдалануға берілгеннен кейін жүк тасымалының көлемі 2,5 есе өсіп, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде.
Президент барлық құрылыс жұмыстарын 2029 жылдан кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, бұл жобалар ел экономикасының дамуына, туризмнің өркендеуіне және Қазақстанның халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына елеулі үлес қосады.