Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында мемлекеттік билік жүйесіндегі реформалардың негізгі бағытына тоқталып, жаңа Конституция аясында еліміздің заң шығару жүйесі түбегейлі жаңғырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Конституция қабылданғаннан кейін қысқа мерзім ішінде ұлттық заңнаманы жаңа талаптарға сәйкестендіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Осы кезеңде Парламент 9 заңды, оның ішінде 6 конституциялық заңды әзірлеп, қабылдаған.
Президенттің сөзінше, конституциялық өзгерістер нәтижесінде мемлекеттік басқарудың жаңа моделі қалыптасты. Оның негізінде «күшті Президент, ықпалды Құрылтай, есеп беретін Үкімет» қағидаты жатыр.
Сондай-ақ Тоқаев Президент институтының елдегі басты саяси рөлін сақтап қалғанын атап өтті.
«Президент мемлекеттің тәуелсіздігі мен бірлігінің символы, Конституцияның, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарының сақталуының кепілі ретіндегі өзінің негізгі рөлін сақтап қалды», - деді ол.
Сонымен қатар Президент Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде қорғаныс саласына жетекшілік етеді, құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайды және халықаралық деңгейде Қазақстанның атынан өкілдік етеді.
Президент Қазақстанның басқару формасы өзгермейтінін айтып, елдің әрі қарай да президенттік республика болып қала беретінін ерекше атап өтті.
Сонымен бірге Тоқаев заң шығару жүйесін одан әрі жетілдіру міндетіне тоқталды. Оның пікірінше, жаңа Құрылтай артық бюрократиялық рәсімдерден арылып, заң жобаларын қарау үдерісін жеделдетуге тиіс.
«Құрылтай бюрократиялық рәсімдер түріндегі барлық кедергіні жойып, заң шығарудың жылдамдығы мен сапасын арттыруы, білікті сарапшылар мен кеңесшілердің тиімді қызметін ұйымдастыруы тиіс», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде заңнаманы да жаңа технологиялардың талаптарына жедел бейімдеу маңызды екенін айтты. Осыған байланысты Құрылтай өзгеріп жатқан цифрлық ортаға сай шешімдерді бұрынғыдан да жылдам қабылдауы қажет екенін жеткізді.