Тоқаев: Қазақстан Халық Кеңесі Құрылтайға балама мекеме емес

Тоқаев: Қазақстан Халық Кеңесі Құрылтайға балама мекеме емес
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында жаңа институттың негізгі міндеттері мен Құрылтаймен арақатынасына тоқталды, деп хабарлайды ult.kz.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі елдің саяси жүйесінде ерекше орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болады.

«Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Халық Кеңесі мен Құрылтайдың міндеттері бір-бірінен бөлек екенін атап өтті. Оның сөзінше, Халық Кеңесі Құрылтайға балама емес және оның құзыретіне кіретін мәселелермен айналыспайды.

Сондай-ақ Халық Кеңесі мүшелерінің Құрылтай депутаттарының қызметіне араласуға құқығы жоқ. Өз кезегінде Құрылтай депутаттары да Халық Кеңесінің жұмысына араласа алмайды.

Президент екі институттың бір-бірін толықтырып, үйлесімді жұмыс істеуі маңызды екенін айтты.

«Алдымызда тұрған мақсат та – бір, Отанымыз да – бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобаларын әзірлеу кезінде қоғамның ұсыныстары мен талап-тілектерін ескерудің маңызын да атап өтті.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген.

Президенттің айтуынша, осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр.