Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізіп, екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысуға шақырғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс айтып, Шанхайда ұйымдастырылған форумның символдық мәніне тоқталды. Сондай-ақ Қытай көшбасшысын Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтады.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы саяси диалог едәуір жанданып, сауда-экономикалық байланыс жаңа деңгейге көтерілген.
Президенттің мәліметінше, Қытай Қазақстан экономикасына осы уақытқа дейін 30 млрд доллар инвестиция салған. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 49 млрд долларға жеткен. Қазір елімізде 8,5 мыңнан астам Қытай компаниясы жұмыс істейді.
Тараптар өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды іске асырып жатыр.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың да қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, өткен жылы Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы келген. Екі елдің астаналарында мәдени орталықтар ашылып, Қазақстанда Лу Бань шеберханалары жұмысын жалғастыруда.
Келіссөз барысында халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері де талқыланды. Тараптар БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформаларға жоғары баға беріп, жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады және алдағы Құрылтай сайлауына сәттілік тіледі.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен оны іске асырудың жол картасына қол қойылды.