Тоқаев пен Путин кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, жаңа жобаларды талқылады

Тоқаев пен Путин кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, жаңа жобаларды талқылады
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин келіссөздерді ресми делегациялар қатысқан кеңейтілген құрамда жалғастырды, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында мемлекет басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, энергетика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық байланыстарды талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің Қазақстанға сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін айтты.

«Қазақстан үшін Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді. Біз шағын құрамдағы келіссөздерде серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенімізді растадық. Елдеріміз арасында шешілмеген мәселе жоқ, тек оң динамика байқалады», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеме ерекше маңызға ие.

Тоқаев қазіргі күрделі халықаралық жағдайға қарамастан, екі ел арасындағы экономикалық байланыс тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

«Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салатын ең ірі елдердің бірі. Ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 9 миллиард доллардан асты. Бүгінде жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жоба жасақталған. Оның 122-сі іске асырылып, жұмыс істеп тұр», – деді Президент.

Сондай-ақ ол мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа да ерекше тоқталды. Президент жақында Астанада өткен Ресей күндері тұрғындар тарапынан жылы қабылданғанын айтты.

Бұдан бөлек, Астанадағы «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы» мен Мәскеудегі Қазақстан мен Ресей достығы скверінің ашылуы да екі ел байланысының символына айналғанын жеткізді.

Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің халықаралық алаңдардағы ықпалдастығына да назар аударды.

«Орталық Азия – Ресей» форматы бүгінде ерекше маңызға ие. Әлемнің назары Орталық Азияға ауып отырған кезеңде бұл форматты күшейту қажет деп санаймын», – деді ол.

Өз кезегінде Владимир Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас тең құқық пен өзара құрметке негізделгенін айтты.

«Былтыр Мәскеуде өткен кездесуде біздің байланыстарымыз жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өткен едік. Бүгінде бұл барлық бағытта нақты жүзеге асып жатыр», – деді Ресей президенті.

Путиннің айтуынша, тараптар экономика, энергетика, мәдени-гуманитарлық байланыстар және өзге де салаларды қамтитын көптеген үкіметаралық және коммерциялық келісімдер дайындаған.

«Қазірдің өзінде 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – үлкен жұмыстың бастамасы ғана», – деді Владимир Путин.

Кездесуде өндіріс, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және көлік-логистика бағытындағы жаңа бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары да талқыланды.