Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз өткізіп, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Келіссөздерге екі елдің ресми делегация мүшелері қатысты. Мемлекет басшысы Черногорияны Қазақстанның Балқан түбегіндегі сенімді серіктестерінің бірі деп атап, елдің Еуропа Одағына мүшелікке ұмтылысын жоғары бағалады.
«Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Черногориямен серіктестік байланыстарды одан әрі жандандыруға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары жоғары деңгейдегі саяси диалог тұрақты сипат алып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына оң ықпал етіп келеді.
Мемлекет басшысы Подгорица қаласында Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы екі ел арасындағы байланысты кеңейтуге деген ұмтылыстың айқын көрінісі екенін айтты. Сонымен қатар Астанада Черногорияның дипломатиялық миссиясын ашу және парламентаралық қатынастарды нығайту маңызды екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес қауымдастық өкілдерінің кездесуі мен екі елдің сауда палаталары арасында қол қойылатын өзара түсіністік туралы меморандум іскерлік байланыстардың дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
«Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз», – деді Президент.
Өз кезегінде Яков Милатович Қазақстанға жасаған сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.
Черногория басшысы сауда палаталары арасындағы меморандум экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ оның сөзінше, Черногория Еуропа Одағына кіру үдерісінің соңғы кезеңінде тұр және 2028 жылы ұйымның толыққанды мүшесі болуға үміттенеді.
Кездесу барысында тараптар өзара сауда көлемін арттыру, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар туризм, жоғары білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға қолдау көрсеткені үшін Яков Милатовичке алғыс білдірді.
Келіссөз соңында мемлекеттер басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.