Тоқаев беттен сүйіп амандасатындарға шүйлікті

Тоқаев беттен сүйіп амандасатындарға шүйлікті
Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін журналистерге пікір білдіріп, қоғамдағы амандасу мәдениетіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуын, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің сәлемдесу кезінде бір-бірінің бетінен сүюін құптамайтынын жеткізді.

Тоқаевтың сөзінше, мұндай әрекет қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпына тән емес. Әсіресе әскери киімдегі адамдардың, оның ішінде генералдардың осылай амандасуы оғаш көрінетінін атап өтті.

«Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара?» – деді Президент.

Ол бұрынғы кеңестік маршалдардың, соның ішінде Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен әскери қолбасшылардың мұндай амандасу үлгісін қолданғанын елестету қиын екенін айтты.

Мемлекет басшысы ер адамдардың амандасқанда қолын жай ғана ұсына салмай, қолды нық қысып амандасуы керектігін атап өтті. Оның пікірінше, жеңіл ғана жымиып қоюдың өзі жеткілікті.

Сонымен қатар Тоқаев адаммен кездескеніне шын қуанышты болған жағдайда оң қолды кеудеге қойып амандасуға болатынын айтты.