Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясымен кездесті. Делегацияны Өкілдер палатасының Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смит бастап келді, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесуге Конгресс мүшелері Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейс қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық делегацияның Қазақстанға сапарының елдегі бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, парламент сайлауы Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін көрсететін тарихи оқиға болды. Ал бір палаталы Құрылтай заң шығару үдерісінің тиімділігі мен заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы парламенттік дипломатия жаңа орган қызметінің маңызды бағыттарының бірі болатынын айтты.
«АҚШ Конгресі мен Құрылтай мүшелері арасындағы конструктивті әрі мазмұнды диалог өзара түсіністікті тереңдетіп, ортақ басымдықтарды ілгерілету және қазақ-америка серіктестігін нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие», – деді Президент.
Кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, басқару жүйесін жаңғырту және әділетті әрі озық мемлекет құру бағыттары да сөз болды.
Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды, озық технологиялар, ғылым, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.
Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастар Президент Дональд Трамппен қалыптасқан сенімді әрі конструктивті диалогтың арқасында бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ екі елдің ядролық қауіпсіздік пен жаппай қырып-жою қаруын таратпау бағытындағы ынтымақтастығына тоқталды.
Өз кезегінде Джейсон Смит Қасым-Жомарт Тоқаевқа делегацияны арнайы қабылдағаны үшін алғыс айтып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың сәлемін жеткізді.
Конгрессменнің айтуынша, Трамп Қазақстан Президентімен қалыптасқан сенімді қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Сондай-ақ ол Тоқаевты G20 саммитіне қатысу үшін Майамиде күтетінін жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Майамиге жоспарланған сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке жаңа серпін беретініне сенім білдірді.