Әлеуметтік желіде кеңінен тараған Жетісай ауданындағы тойда айтылған даулы уағызға қатысты адвокат Аянхан Омаров Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми арыз жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, Қазақстан – зайырлы әрі құқықтық мемлекет, сондықтан қоғамда әлеуметтік немесе діни алауыздықты қоздыруы мүмкін мәлімдемелерге құқықтық тұрғыдан баға берілуі қажет.
Адвокаттың пікірінше, әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада әйелдерді кемсітетін сөздер айтылып, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу және қоғамдық өмірге діни қағидаларды міндетті тәртіп ретінде енгізу насихатталған.
«Бұл мәселе тек бір адамның пікірі емес. Егер жария айтылған сөздер қоғамда әлеуметтік немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітуге, қоғамды қарсы топтарға бөлуге бағытталған болса, онда оған құқықтық баға берілуі тиіс», – деп жазды Аянхан Омаров.
Осыған байланысты адвокат аталған жағдайды құқық қорғау органдарының тексеруін сұрап, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми арыз жолдағанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Жетісай ауданындағы тойда сөз сөйлеген ер адамның әйелдерді кемсітіп, әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атаған видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді. Оқиғаға байланысты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин пікір білдіріп, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және мұндай әрекеттердің ұлттық болмысқа қайшы келетінін айтқан. Кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ресми мәлімдеме жасап, әйелдерді кемсіту мен өнер өкілдерін жалпылама айыптау Ислам әдебіне сай келмейтінін атап өтті.