ҚМДБ ән мен музыкаға қатысты ұстанымын жариялады

ҚМДБ ән мен музыкаға қатысты ұстанымын жариялады
ашық дереккөз

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлы (ҚМДБ) әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған «музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мәлімдемеге байланысты ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Діни басқарма мұндай пікірлердің қоғамда түсінбеушілік тудырғанын атап өтіп, Ислам діні адамдарды даналықпен насихат айтуға, ауыр сөзден аулақ болып, өзгенің ар-намысына құрметпен қарауға үндейтінін мәлімдеді.

ҚМДБ мәліметінше, өнер өкілдерін жалпылама айыптап, оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сондай-ақ әйелдерді бейәдеп сөзбен кемсіту де Ислам әдебіне қайшы әрекет екені атап өтілді.

Діни басқарма ән мәселесіне де нақты түсінік берді. Онда адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндердің құпталмайтыны айтылған. Алайда Ислам ғалымдарының пікіріне сәйкес, дін мен дәстүрдің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы құрметтеуге, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерді орындауға және тыңдауға рұқсат етілетіні көрсетілді.

Осыған байланысты ҚМДБ азаматтарды діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті мамандардың түсіндірмесіне сүйенуге шақырды.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымын, барша халықты әрқашан өзара құрметке, парасатқа, көркем мінезге және бірлікке үндеп келеді. Осы ретте ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз», – делінген басқарма мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін Жетісай ауданындағы тойда сөз сөйлеген ер адамның «музыка – харам», «әншілер – шайтанның азаншысы» деген пікірі әлеуметтік желіде кең таралып, қоғамда қызу талқылауға себеп болған еді. Кейін бұл мәселеге Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де пікір білдіріп, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және ұлттық болмысқа қайшы әрекеттерге жол бермеу қажеттігін атап өткен болатын.