Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Жетісай ауданындағы тойда айтылған даулы уағызға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде тойда сөз алған қарияның жас жұбайларға тілек айтудың орнына діни уағыз айтып, тойларда музыканы алып тастау, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу қажеттігін айтқан видеосы кеңінен тараған болатын. Сондай-ақ ол әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атап, әйелдерге қатысты айтқан сөздері де қоғамда сынға ұшырады.
Осыған байланысты Ерлан Қарин мұндай пікірлердің ұлттық болмысқа да, Қазақстанның зайырлы даму қағидаттарына да сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Ол сондай-ақ өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалап, Қазақстанның даму бағыты білімге, ғылымға, өнер мен мәдениетке негізделгенін айтты.
Ерлан Қариннің пікірінше, көпшілік алдында адамдарды кемсіту, әйелдерді алалау немесе өз көзқарасын өзгелерге күштеп таңу қоғамдағы әдеп нормаларына қайшы келеді.
«Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – деді ол.
Айта кетейік, Жетісайдағы тойда айтылған сөздер әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Бірі қарияның діни көзқарасын қолдаса, енді бірі той сияқты қуанышта мұндай уағыз айтуды және әйелдер мен өнер өкілдеріне қатысты айтылған пікірлерді орынсыз деп бағалады.