Жетісай ауданында өткен тойдағы қарияның айтқан сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнежазбада көпшілік алдына шыққан ер адам жас жұбайларға тілек айтудың орнына уағыз айтып, қазіргі той өткізу дәстүріне қатысты өз пікірін білдірген. Ол бүгінде тойларда арақ қойылмайтынын оң өзгеріс ретінде бағалап, енді тағы екі мәселені өзгерту қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, тойларда музыканы алып тастап, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу керек. Сонымен қатар ол тойға келген әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атаған.
Қарияның әйелдерді «ұрғашылар» деп атауы да көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары мұндай сөздің орынсыз екенін айтып, тойдың басты мақсаты жас жұбайларға ізгі тілек айтып, қуаныштарын бөлісу екенін жазуда.
Желіде тараған видеоға қатысты пікірлер екіге жарылған. Бірі қарияның діни ұстанымына құрметпен қарау керек десе, енді бірі мұндай уағыздың той үстінде айтылуын орынсыз деп бағалады.