Тіркелген мекенжай туралы мәліметті алу жолы өзгерді

Тіркелген мекенжай туралы мәліметті алу жолы өзгерді
Фото: freepik

Қазақстан тұрғындары тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметті eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы ала алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Аталған сервис мемлекеттік органдарға бармай-ақ тұрғылықты жер бойынша тіркелу туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Егер мәліметті үшінші тұлға сұратса, онда деректері сұралатын азаматтың келісімі міндетті түрде қажет.

Қызметті пайдалану үшін:

eGov.kz порталына авторизациядан өту;

«Үшінші тұлғалардың тұрғылықты жері бойынша мекенжай мәліметтерін алу сервисі» қызметін таңдау;

азаматтың ЖСН-ін енгізу;

сұранысты электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау қажет.

Азамат келісім бергеннен кейін сұратылған мәліметтер пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Еске салайық, Қазақстанда 2019 жылғы 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамаларының күші жойылды. Сондықтан тұрғылықты жері бойынша тіркелу туралы мәлімет қажет болған жағдайда азаматтарға осы электрондық қызметті пайдалану ұсынылады.

Сонымен қатар, жалға алынған пәтерде немесе үйде 10 күннен артық тұратын азаматтар уақытша тіркеуге тұруға міндетті.

Тұрғындарды тіркеуге кім міндетті?

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жалға берілетін тұрғын үйде 10 күннен астам тұратын азаматтарды тіркеу міндеті жалға берушіге жүктеледі.

Жалға беруші ретінде тек тұрғын үйдің меншік иесі ғана емес, оның өкілі немесе тұрғын үйді жалға алып, оны қосалқы жалға (субарендаға) беретін азамат та әрекет ете алады. Бұл талап 2017 жылы терроризмге қарсы заңнамалық түзетулер енгізілгеннен кейін күшіне енді.

Жалға берушілерге қандай айыппұл қарастырылған?

Тұрғындарды уақытында тіркемеген жағдайда:

алғаш рет – 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл;

бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Жалға алушыларға да жауапкершілік қарастырылған

Уақытша немесе тұрақты тіркеусіз тұратын азаматтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабына сәйкес:

алғаш рет – 7 АЕК (30 275 теңге) көлемінде айыппұл;

бір жыл ішінде қайталанса – 13 АЕК (56 225 теңге) көлемінде айыппұл салынады.