Алматы облысында бірнеше күн бойы із-түзсіз жоғалған 29 жастағы ер адам өлі күйінде табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Ulysmedia.kz мәліметінше, марқұмның туыстары оның қаза болуына әріптестерін күдікті деп санап отыр. Туыстарының айтуынша, ер адам 23 мамыр күні жұмысқа кетіп, содан кейін үйіне оралмаған. Жақындары оны өз күштерімен іздеп, таныстарынан сұрастырып, аман табылатынына үміттенген. Алайда 27 мамырда оның көз жұмғаны туралы суыт хабар жеткен.
Марқұмның әпкесі Ақботаның сөзінше, қайғылы оқиға Ұйғыр ауданындағы ыстық су көздері аумағында болған. Оның айтуынша, ер адамға бірге жұмыс істеген үш адам шабуыл жасап, ауыр соққыға жыққан.
Туыстарының мәлімдеуінше, қаза болған азаматтың болашаққа қойған жоспарлары көп болған. Олар оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.
«Бізге тек шындық керек. Барлық мән-жай анықталып, кінәлілердің жауапқа тартылуын қалаймыз», – дейді марқұмның туыстары.