Астанада Қытайдың дәстүрлі Күз ортасы мерекесіне және Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуына орай «Тянья гун цы ши» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени алмасу мен достық байланыстарды одан әрі нығайтуға арналған концертті Астанадағы Қытай мәдени орталығы Чунцин қаласының опера театрымен бірлесіп ұйымдастырды.
Мерекелік шара Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі мен Чунцин қаласының Халық үкіметі бастамасымен жүзеге асқан жоба аясында өтті. Іс-шараны Астанадағы Қытай мәдени орталығы Қазақстандағы Қытай Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды. Ал концерттің өтуіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театры жан-жақты қолдау көрсетті.
Кешті ашқан Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь мырза мерекенің ерекше мәніне тоқталды.
«Алтын күз салқын самалын әкеліп, түнгі аспанда толық ай жарқырайды. Ал Жібек жолының кешкі самалы өзімен бірге шынайы достықтың жылуын жеткізгендей», — деді Хань Чуньлинь.
Ол сондай-ақ концертті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғыс білдірді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов концерттің маңызына тоқталып, Қытайдың Ұлттық мерекесі мен Күз ортасы мерекесіне орай ізгі тілегін жеткізді.
«Бүгінгі «Бір аспан астындағы ортақ сәт» атты күзгі концерттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Сондай-ақ Қытайдың барлық құрметті қонақтары мен достарына Қытайдың Ұлттық мерекесі және Күз ортасы мерекесі (Чжунцю) орай шынайы ізгі тілектерімді білдіремін!» — деді вице-министр өз сөзінде.
«Тянья гун цы ши» концерті Қазақстан мен Қытайдың Мәдениет жылдары бағдарламасының бір бөлігі болды. Шараның негізгі мақсаты – екі ел арасындағы мәдени байланыстарды, өзара түсіністік пен халықтар арасындағы достықты нығайту.
Чунцин қаласының Мәдениет және туризмді дамыту комитеті төрағасының орынбасары Ло Сяочунь концерттің Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени өзара іс-қимылдың жалғасы екенін атап өтті.
«Бүгінгі Орта күз мерекесіне арналған концерт – екі ел басшылары арасындағы маңызды уағдаластықтардың нақты жүзеге асуының жарқын көрінісі әрі Мәдениет жылының практикалық жалғасы», — деді ол.
Концертке Қазақстан мен Қытайдың түрлі салаларындағы жоғары лауазымды өкілдер, сондай-ақ бірқатар мемлекеттердің елшілері қатысты.
Кеш қонақтарына Қытайдың музыкалық өнерінің байлығы мен сан алуандығын танытатын арнайы бағдарлама ұсынылды. Астана көрермендері алдында әйгілі Чунцин опера театрының өнерпаздары өнер көрсетті.
Концерттің шымылдығы қазақтың «Жүрек» халық әні мен қытайдың «Күн қуанышпен көтеріледі» атты халық әні негізінде орындалған әсерлі дуэтпен ашылды. Екі елдің әндерін тоғыстырған алғашқы музыкалық нөмір кештің негізгі мазмұнын айқындағандай болды.

Фото: ult.kz
Одан кейін өнерпаздар қазақтың «Ана», «Туған жердің бұлттары» әндерін орындап, ұйғыр әндерінен де шашу шаты. Өнерпаздар көрермендерге Қытайдың халық шығармашылығынан бірқатар музыкалық туындыларды ұсынды. Олар эстрадалық әндер айтып, дәстүрлі аспаптарда музыкалық шығармалар орындады.

Фото: ult.kz
Мерекелік концерт Қытайдың дәстүрлі мәдениетін таныстырумен қатар, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кезекті маңызды шара болды.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
Күз ортасы мерекесі, қытай тілінде Чжунцюцзе деп аталатын бұл мейрам Қытай халқы ерекше қадір тұтатын дәстүрлі мерекелердің бірі саналады. Ол ай күнтізбесі бойынша сегізінші айдың 15-күнінде аталып өтеді. Биыл Күз ортасы мерекесі 25 қыркүйекке сәйкес келеді.
Мереке ең алдымен толған айды тамашалау, отбасы мүшелерінің басын қосу және жақындарына амандық, береке мен молшылық тілеу дәстүрлерімен байланысты. Қытай мәдениетінде толық ай отбасының тұтастығы мен адамдардың бірлігін білдіретін ерекше нышан саналады.
Чжунцюцзенің басты символдарының бірі – юэбин деп аталатын дөңгелек пішінді ай бәліштері. Оның дөңгелек формасы толық айды бейнелеп, отбасы бірлігі мен бақыттың белгісі ретінде қабылданады. Мереке кезінде мұндай тәттілерді отбасы мүшелері бірге бөлісіп, бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді.

Фото: ult.kz

Фото: ult.kz
Биыл Күз ортасы мерекесінің маңызы Қытай үшін тағы бір айтулы күнмен сабақтасып отыр. Атап айтқанда, 1 қазанда Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толады. Осыған байланысты биылғы мерекелік шараларда дәстүрлі мәдени құндылықтармен қатар, елдің маңызды тарихи датасы да кеңінен аталып өтуде.