Талибан билігіне бес жыл: Ауғанстанда әйелдер құқығы одан әрі шектелді

Талибан билігіне бес жыл: Ауғанстанда әйелдер құқығы одан әрі шектелді
Euronews

«Талибан» радикалды исламшыл қозғалысының Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, билікті қайта қолға алғанына бес жыл толғанын тойлап жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Euronews басылымының мәліметінше, Кабулды қайта басып алғанына бес жыл толған тәліптер билігі әлемдегі ең қатаң режимдердің бірі ретінде сынға ұшырап отыр.

2021 жылғы оқиғалар елдегі жиырма жылға жуық халықаралық әскери қатысудың аяқталуына жол ашқанымен, содан бері Ауғанстандағы адам құқықтарының жағдайы халықаралық қауымдастықтың басты алаңдаушылықтарының біріне айналды.

Талибан билікке қайта келгеннен кейін бірқатар азаматтық құқықтар шектеліп, әсіресе әйелдер мен қыздардың жағдайы күрт қиындады. ЮНЕСКО мәліметінше, шамамен 2,5 миллион ауған қызы орта мектеп пен жоғары білім алу мүмкіндігінен айырылған.

Әйелдер үшін қоғамдық өмірге қатысуға да көптеген шектеу енгізілген. Олардың білім алуына, спортпен айналысуына және бірқатар салада жұмыс істеуіне тыйым салынған. Сонымен қатар әйелдердің қоғамдық орындарға шығуына қатысты да қатаң талаптар қойылған.

«БҰҰ-Әйелдер» ұйымының мәліметінше, ауған әйелдерінің шамамен жартысы бүгінде үйінен айына бір-екі рет қана шығады. Тәліптер енгізілген шектеулерді өздерінің шариғатты түсіндіруімен байланыстырады.

Халықаралық деңгейде «Талибан» бірқатар Азия және Таяу Шығыс елдерімен байланыс орнатқан. Қозғалысты Ауғанстанның заңды үкіметі ретінде ресми мойындаған алғашқы ел – Ресей.

Тәліптермен байланыс орнату мәселесі халықаралық қауымдастық арасында пікірталас тудырып отыр. Жақында Брюссельде Еуропалық одақ өкілдері мен «Талибан» мүшелері ауған мигранттарын елге қайтару мәселесін талқылаған техникалық кездесу өткізді. Бұл қадам құқық қорғау ұйымдарының сынына ұшырады.

БҰҰ-ның жиырмадан астам тәуелсіз сарапшысы әлем елдерін «Талибанмен» қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге асықпауға шақырды. Сарапшылар кез келген дипломатиялық немесе саяси қадамды адам құқықтары саласындағы, әсіресе әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғауға қатысты нақты әрі тәуелсіз расталған өзгерістермен байланыстыру қажет екенін атап өтті.

Осылайша, Кабулдың тәліптер бақылауына қайта өткеніне бес жыл толған тұста Ауғанстан халықаралық оқшаулану, адам құқықтарының шектелуі және әйелдердің қоғамдық өмірден ығыстырылуы мәселелерімен бетпе-бет келіп отыр.