Такси жүргізушісі зейнеткердің 6 млн теңгесін алаяқтарға бермей қалды

Такси жүргізушісі зейнеткердің 6 млн теңгесін алаяқтарға бермей қалды
Ашық дереккөзден

Павлодарда такси жүргізушісі мен полицейлер зейнеткердің алаяқтарға беріп қойған 5 млн 970 мың теңгесін толық қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, оқиға көлік жуу орындарының бірінде болған. Такси жүргізушісі Алматыға сөмке жеткізуі керек болған. Жолға шығар алдында сөмкеден жарманың төгіліп жатқанын байқап, ішін тексерген. Сөмкеден қомақты ақша табылған соң, ол бірден полицияға хабарласқан.

Полицейлер ақшаның иесін анықтап, онымен байланысқа шыққан. Зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болғаны белгілі болды.

Алаяқтар алдымен өздерін энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметкерлері ретінде таныстырып, электр есептегішті ауыстыру үшін SMS-кодты айтқызған. Кейін «электрондық үкімет» қызметкерлері ретінде хабарласып, оның атына несие рәсімделгенін айтқан. Несиені «жабу» үшін әйелден 5 млн 970 мың теңге қолма-қол ақша талап еткен.

Ақшаны курьер алып, такси жүргізушісіне берген. Оның қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында қаражат толық көлемде иесіне қайтарылды.

Полиция бейтаныс адамдарға SMS-кодтар мен басқа да құпия деректерді бермеуге шақырады. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласу қажет.