Сүт көлемін 8 есе асырып көрсеткен: Түркістанда бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды

Сүт көлемін 8 есе асырып көрсеткен: Түркістанда бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды
ашық дереккөз

Түркістан облысында шаруашылықтар өндірілген сүт көлемін жалған құжаттар арқылы сегіз есе асырып көрсетіп, бюджеттен заңсыз субсидия алған. Прокуратура тексерісі барысында ауыл шаруашылығы саласында 1 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқыру деректері анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жүргізілген тексеру кезінде жүйелі заң бұзушылықтар әшкереленген.

Атап айтқанда, Сайрам ауданындағы шаруа қожалықтары өндірілген сүт көлемі туралы жалған мәліметтер ұсынып, нақты көрсеткішті сегіз есе артық көрсеткен. Соның негізінде бюджеттен заңсыз субсидия алған.

Тексеру қорытындысы бойынша субсидия қаражатын жымқыруға қатысты екі дерек тіркелген. Аса ірі мөлшердегі алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру облыстың арнайы прокурорларына тапсырылған.

Қазіргі уақытта төрт күдіктіге қатысты бір қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бюджетке 40 млн теңге қайтарылып, құны 100 млн теңгеден асатын күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды.

Екінші қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.