217 млн теңге шығын, 25 пәтерге тыйым: Алматыда қаржы пирамидасы әшкереленді

217 млн теңге шығын, 25 пәтерге тыйым: Алматыда қаржы пирамидасы әшкереленді
egemen.kz

Алматыда тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген «R.O.I.» ұйымына қатысты қаржы пирамидасын ұйымдастыру күдігімен тергеу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 275 адам жәбірленуші деп танылып, келтірілген шығын көлемі 217 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды ult.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйым өкілдері азаматтарды жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысуға шақырған. Осы мақсатта үлестік жарна жинақтау туралы келісімшарттар жасалып, тұрғындардың ақшасы жиналған.

Алайда тергеу деректеріне сәйкес, жаңа қатысушылардың қаражаты нақты кәсіпкерлікке жұмсалмай, кооперативке бұрын қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге бағытталған.

Агенттік хабарлағандай, тергеу барысында ұйымдастырушылардың кеңес беру қызметінің ақысы деген желеумен кооператив қаражатынан 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың, соның ішінде «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталған.

Бұған қоса, 2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek» атты алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған.

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл ұйымдар «R.O.I.» кооперативі басшысының бақылауында болған. Олар негізгі кооперативтің жеке сот орындаушылары бұғаттаған банк шоттарын айналып өтіп, түскен қаражатты басқа есепшоттарға аудару үшін пайдаланылған.

Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам екі айға қамауға алынды. Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.