Freedom Inside '26

Сұлтан Сәрсемәлиев сотта қайын атасы туралы айтты

Сұлтан Сәрсемәлиев сотта қайын атасы туралы айтты
Коллаж: ult.kz

Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 16 маусымдағы сот отырысында айыпталушыдан жауап алынды, деп хабарлайды ult.kz.

Сотта Сәрсемәлиев оқиғаға дейінгі жағдайды өз нұсқасы бойынша баяндады. Оның айтуынша, балаларына анасы қараған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде әйелі Ақбаян Мұқанғалиеваға бірінші топ мүгедектігі бар деген анықтама берілген. Кейін оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімді екі ай күту қажет болған.

Айыпталушы сол аралықта үш жасар қызы мен әйелін алып, қайын жұрты тұрып жатқан Жангелдин ауылына баруды ойлағанын айтты. Оның сөзінше, ол Ақбаянның туыстарымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірмек болған.

«Көзқарасы өзгерген болар, барып қайтайық дедім. Жақсы болса, Ақбаянға қамқоршы ретінде сол кісілерді тағайындайды деп ойладым. Бардым. Ештеңе ойластырып барған жоқпын. Жанымда үш жасар қызым бар. Ойын білгім келді», — деді Сәрсемәлиев.

Оның айтуынша, бұл 3 қараша күні болған. Үйге кірген сәтте қайын жұрты оны жылы қабылдамағанын жеткізді.

«Үйдегі Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Мейрамгүл Қарабалина “сен неге келдің?” деді. Есіктен кірген бойда қатты сөздер айтты. Ақбаян демалсыншы деп, “ертең сөйлесейік” дедім де, ұйықтап қалдым», — деді айыпталушы.

Сәрсемәлиевтің сөзінше, таңертең оны әйелінің әкесі оятып, қалған балаларды алып келуді талап еткен.

«Таңғы уақытта әкесі аяғымнан теуіп оятты. “Қалған балалар қайда? Оларды алып кел. Ақбаян осы үйде қалады” деді. Анадай көзқарасты түсінбей қалдым. Бекер келдім деген ой болды», — деді ол.

Айыпталушы қамқоршылық пен мүгедектікке қатысты мәселені түсіндіріп үлгермегенін айтты. Оның сөзінше, қайын жұрты басқа балаларды да әкелуді талап етіп, егер әкелмесе, үйіне барып жанжал шығаратынын айтқан.