Freedom Inside '26

СҚО-да әкесін ұрып, оны видеоға түсірген жігіт 5 тәулікке қамалды

СҚО-да әкесін ұрып, оны видеоға түсірген жігіт 5 тәулікке қамалды
Коллаж: Видеодан кадр

Солтүстік Қазақстан облысында 67 жастағы әкесіне қол көтеріп, болған оқиғаны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған 22 жастағы жігіт бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға Шал ақын ауданының Бірлік ауылында болған. Желіде тараған бейнежазбада жігіттің әкесін балағаттап, күш қолданғаны көрінеді. Қоғамда үлкен резонанс тудырған видеодан кейін полиция тексеру жұмыстарын бастап, күдіктіні анықтады.

Тергеу барысында жігіттің оқиға кезінде мас күйде болғаны белгілі болды. Сот шешімімен ол тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеті үшін бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Белгілі болғандай, 67 жастағы зейнеткер ұлына қатысты арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, полиция қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік іс қозғап, тиісті шара қолданған.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының өкілі Сән Жұмағазинаның айтуынша, 22 жастағы азамат бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның үстінен материалдар жиналып, сот шешімімен бес тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалған.