Италияның Сицилия аралындағы Мессина аймақтық музейінен Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті суретшісі Антонелло да Мессинаның төрт туындысы ұрланды. Қылмыскерлер музейдің бірнеше деңгейлі қауіпсіздік жүйесін айналып өтіп, аса құнды өнер туындыларын алып кеткен, деп хабарлайды ult.kz.
Музей директоры Мариза Меркурионың айтуынша, ұрлық сенбі күні кешке жасалған. Қаскөйлер дабыл жүйесі мен өзге де қорғау құралдарын айналып өтіп, көрме залдарына кірген.
Ұрланған жәдігерлердің қатарында 1473 жылға тиесілі «Әулие Григорий полиптихінің» ағаштан жасалған бес тақтасының үшеуі бар. Бұдан бөлек, Мариям ана мен Христос бейнеленген екіжақты икона да қолды болған. Бұл туынды арнайы қорғалған броньды сөреде сақталған.
Музей басшысы болған жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді.
«Біз есеңгіреп отырмыз. Бұл – музей, қала, қоғам және өнер әлемі үшін үлкен шығын», – деді Мариза Меркурио. Оның сөзін Corriere della Sera басылымы жариялады.
Музей директорының айтуынша, ұрланған жәдігерлер Мессинаның ең маңызды әрі танымал өнер туындыларының қатарына жатады.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап, ұрланған туындыларды табуға әрекет жасап жатыр.