Сицилиядағы жағажайда күтпеген жағдай болды. Демалып жүрген туристер кенеттен теңізде ақша толтырылған пакеттердің жүзіп жүргенін байқаған. Кейін адамдар теңізден жалпы сомасы 670 мың еуро қолма-қол ақша алып шыққан, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға Италияның Санта-Кроче-Камерина қаласының жағалауында болған.
Мальтадан шыққан қайық қозғалтқышы істен шыққандықтан, Италия жағалауына жақын жерде тоқтап қалған. Осыдан кейін жағалау күзеті оқиға орнына яхта жіберіп, қайықтағы ер адам мен сегіз жастағы баланы бортқа алған.
Алайда кейін яхтада тағы екі ер адамның болғаны анықталған. Олардың бірі теңізге тоңазытқышты лақтырып жіберген.
Біраз уақыттан соң туристер бума-бума ақша толы Lidl супермаркетінің екі пакетін тапқан.
Белгісіз ер адамдардың екеуі теңізге түсіп, жағажайға қарай жүзіп кеткен. Құқық қорғау органдары олардың бірін ұстаған, ал екіншісі әлі іздестіріліп жатыр.

Фото: скриншот
Ақша Сицилия жағалауына қалай түскен?
Ақша салынған пакеттерді толқын жағалауға шығарып тастаған. Оларды тауып алған туристер ақшаны өздерінде қалдырмақ болған. Алайда көп ұзамай жағалау күзеті мен қаржы полициясы келіп, ақшаны тәркілеген.
Тергеу мәліметінше, теңізден барлығы 670 мың еуро табылған. Ақшаның басым бөлігі тәркіленіп, кейін құқық қорғау органдарына тапсырылған.
Оқиғаға Мальта азаматтары, 20-30 жас аралығындағы үш ер адам күдікке ілінген. Олардың екеуі ұсталып, ұрланған мүлікті иемденді деген айып тағылған. Сонымен қатар қаржы полициясы қолма-қол ақшаны заңсыз әкелгені үшін оларға айыппұл салған.
Қазір ұсталғандар түсініктеме беруден бас тартып отыр. Ал үшінші күдікті әлі анықталмаған және бостандықта жүр.
Қайық пен қолма-қол ақша тәркіленді. Прокуратура бұл оқиғаға қатысты тергеу бастады.
Яхтада болған сегіз жастағы бала әлеуметтік қызметтердің қарауына берілді. Ол итальян тілінде сөйлемейді. Сонымен қатар баланың ұсталған екі ер адамға туыстық қатысы жоқ екені анықталған. Қазір құқық қорғау органдары оның ата-анасын іздеп жатыр.
Ал 670 мың еуроның қайдан шыққаны әзірге белгісіз. Тергеушілер бірнеше нұсқаны қарастырып жатыр. Соның ішінде ақша есірткі саудасынан түскен немесе ақшаны жылыстатуға қатысы болуы мүмкін деген болжам бар.
Айта кетейік, Италияда Сицилия жағалауындағы Санта-Мария жеке аралы 15 миллион еуроға сатылымға қойылған. Аралдың аумағы шамамен 11,5 гектар. Оның ішінде сәнді жылжымайтын мүлік пен тарихи нысандар орналасқан.