Шерхан Мұртаза неліктен ұлттың ар-ұжданы атанды

Шерхан Мұртаза неліктен ұлттың ар-ұжданы атанды
Сурет ашық дереккөзден алынған

Шерхан Мұртаза - қазақ әдебиеті мен журналистикасында өшпес із қалдырған көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері және Халық жазушысы. Ол шығармашылығы мен азаматтық ұстанымы арқылы елдің рухани өміріне зор үлес қосып, ұлт мүддесін қорғаған тұлға ретінде тарихта қалды, деп хабарлайды Ult.kz.

Шерхан Мұртаза 1932 жылдың 28 қыркүйегінде Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін жылдарымен тұспа-тұс келді. Әкесі «халық жауы» деген жалған айыппен жер аударылып, отбасы ауыр кезеңді бастан өткерді. Жазушының кейінгі шығармаларында анасы Айшаның қайсарлығы мен өмір жолы ерекше орын алды. Оның әйгілі «Ай мен Айша»романы - соның айқын дәлелі.

Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң Шерхан Мұртаза қазақ баспасөзінде еңбек жолын бастады. Ол әр жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, сондай-ақ «Жалын» және «Жұлдыз» журналдарында басшылық қызмет атқарды.

Редактор ретінде ол қоғамдағы өткір мәселелерді көтеруден тайынбай, қазақ тілінің мәртебесі, ұлттық құндылықтар мен тарихи әділеттілік тақырыптарын батыл жазды. Сонымен бірге Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Оралхан Бөкей сынды көптеген қаламгердің шығармашылық жолына қолдау көрсеткен тұлға ретінде де құрметке ие болды.

Шерхан Мұртаза қоғамдық-саяси өмірге де белсенді араласты. Ол Жоғарғы Кеңес пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жер мәселесі, мемлекеттік тіл және ұлттық мүдде төңірегіндегі өзекті тақырыптарды көтеріп, ашық пікір білдірді.

Жазушының публицистикалық еңбектері ауыл тіршілігінен бастап елдің әлеуметтік, экономикалық және рухани мәселелеріне дейін кең ауқымды қамтыды. Оның шығармалары терең ойымен, шынайылығымен және азаматтық ұстанымымен ерекшеленді.

Шерхан Мұртазаның әдеби және қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, ол «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның бірқатар мемлекеттік марапаттарына ие болды.

Шерағаның шығармашылық мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның кітаптары мен публицистикалық еңбектері бірнеше буын оқырманға ой салып, ұлт руханиятының асыл қазынасына айналды.