Серікзат Дүйсенғазы Мақсат Ахановқа араша түсті

Серікзат Дүйсенғазы Мақсат Ахановқа араша түсті
Фото: әлеуметтік желі

Серікзат Дүйсенғазы айтыскер ақын Мақсат Аханов туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Адырна ұлттық порталы жазды. Оның сөзінше, ол Мақсат Ахановпен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында айтыскердің өз әрекетіне өкініп отырғанын аңғарған.

«Қателікті мойындай білу де ер азаматтың бір жақсы қасиеті ғой. Әйтпесе, “онда тұрған не бар?” деп қасарысатындар да табылады», – деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.

Ақын Мақсат Ахановты айтысқа алғаш шыққан кезінен білетінін айтып, оның бойынан айтыскерге тән көптеген қасиеттің табылатынын атап өтті.

«Өте дарынды, айтыс ақынына тән синкретті қасиеттің барлығы бір бойынан табылатын сирек талант. Талантын былай қойғанда, азаматтығы биік екеніне талай рет куә болғанмын», – деді ол.

Серікзат Дүйсенғазының пікірінше, бұл жолы Мақсат Ахановтың «серілігіне мастығы қосылып», жағдай бақылаудан шығып кеткен.

Ақын оқиғаның жеке кәсіпкердің туған ауылында өткен қызықтама айтысы кезінде болғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл Айтыс ақындары одағы ұйымдастырған ресми айтыс емес.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Серінің бір еркелігіне кешіріммен қарайық, ағайын», – деді Серікзат Дүйсенғазы.