Сайрамдағы дәмханадан Қызыл кітапқа енгізілген үкі табылды

Сайрамдағы дәмханадан Қызыл кітапқа енгізілген үкі табылды

Сайрамдық полицейлер Манкент ауылында орналасқан дәмханалардың бірінен Қызыл кітапқа енгізілген үкіні тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сайрам АПБ-ның Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы полиция аға лейтенанты М.Ботабек және Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы полиция аға лейтенанты М.Қуандықов экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында Манкент ауылында орналасқан кафелердің бірінің ауласынан асырауға тыйым салынған үлкен үкіні анықтады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат ретінде алынған құс ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген «Филин-Үкісі» болып шықты. Ол Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді. Тәртіп сақшылары күдікті тұрғынның «Қызыл кітапқа» енген құсты қандай мақсатта ұстағанын анықтауда. Сондай-ақ тергеу барысында тұрғын бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқанын жеткізген. «Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға ҚР «Қызыл кітабына» енгізілген сирек кездесетін жануарлармен заңсыз байланыс жасап, ұстағандар 3 мың АЕК дейінгі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.