Әлеуметтік желіде жазушы әрі зерттеуші Гүлсім Оразалықызының Санжар Керімбайға қатысты айтқан сыны қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Зерттеуші бірнеше кітаптың авторы ретінде танылған Санжар Керімбайды Нұртас Оңдасынов туралы еңбегінде өзге зерттеулердегі материалдарды пайдаланған деп айыптады.
Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қоғамдық қызметін ұзақ жыл зерттеп, осы тақырыпта үш кітап шығарғанын атап өткен. Оның айтуынша, Санжар Керімбайдың “Нұртас және елге қызмет” атты еңбегінде дербес зерттеу, жаңа ғылыми тұжырым немесе тың архивтік дерек аз.
Зерттеушінің сөзінше, кітаптағы бірқатар мәлімет бұрын жарық көрген еңбектерден, соның ішінде өзінің зерттеулерінен алынған.
Ол әсіресе Нұртас Оңдасыновқа қатысты өмірбаяндық деректер, тарихи мәліметтер мен кейбір тұжырымдардың бұған дейін жарияланған кітаптармен ұқсастығына назар аударған. Осыған байланысты зерттеуші еңбек авторының дереккөздерді пайдалану тәртібіне қатысты сұрақ көтеріп отыр.
Автор не дейді?
Санжар Керімбай бұл айыпқа дереу жауап берді. Ол кітапта пайдаланылған әдебиеттерді кімнен алғанын ашық жазғанын айтты. Тіпті, Гүлсім Оразалықызына алғыс айтқанын да тілге тиек етті.
“НҰРТАС және ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ атты кітабымыз жарыққа шықпай жатып дауға шатылғандай көрінген. Кітапты алып оқып көрмеген жанға әлбетте ол дау, ә дегенде түсініксіз көрініп, адамды әрі-сәрі күйге салады. Журналистер жекеме хабарласып мән-жайды сұрады. Жауап бердім. Түсінікті, аға - деді де олар менің жауабымды жаңалыққа шығарды. Дауласуға, жанжалдасуға ешқандай да объективті себеп жоқ. Бәрі норма. Авторлар академиялық әділдіктен аттамаған. Дерек көздері мен дерек жеткізуші кісілердің атын атап, еңбегін бағалап жазған. Ешнәрсеге алаңдамай Нұртас жайлы кітапты каспиден сатып алыңыз да рақаттанып оқи беріңіз”, - деп жазды ол.
Айта кетейік, Журналист Ардақ Құлтай тікелей эфирде Санжар Керімбайға хабарласып, қоғам белсендісінің кітабындағы жазбаны талқылады.
Санжар Керімбай кім?
Санжар Керімбай - қазақстандық шығыстанушы, жазушы және зерттеуші. Ол логотерапия тақырыбын қазақ тілінде насихаттап жүрген авторлардың бірі ретінде танылған. Әдебиет порталында оны “логотерапия ғылымын зерттеуші” деп сипаттайды.
Ол бірнеше кітаптың авторы және бірқатар еңбекті басқа авторлармен бірлесіп жазған. Солардың қатарында “Логотерапия”, “Махаббаттың мәні”, “Бейсен болмыс” кітаптары бар. Сондай-ақ Санжар Керімбай мен Әділбек Нәби “Өзбекәлі және мәдени майдан” еңбегін жазған.
Санжар Керімбайдың шығармаларында адамның өмір мәні, руханият, тұлғалық даму, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тақырыптар жиі көтеріледі. “Өзбекәлі және мәдени майдан” кітабын жазу кезінде ол Өзбекәлі Жәнібеков туралы адамдармен кездесіп, кітапханадағы деректерді зерттегенін айтқан.