Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ш.Аймаханға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот Ш.Аймаханды:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша – аса қатыгездікпен адам өлтіру;
- 115-1-бабы бойынша – сталкинг;
- 125-1-бабының 1-бөлігі бойынша – некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Сот оған қылмыстардың жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Сонымен қатар жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, сотталғаннан моральдық зиян үшін 25 млн теңге, адвокат қызметіне жұмсалған шығын ретінде 5 млн теңге өндірілген.
Үкіммен келіспеген жәбірленуші тарап пен сотталғанның адвокаттары апелляциялық шағым түсірген.
Жәбірленуші тарап моральдық зиян үшін өндірілетін соманы 25 млн теңгеден 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды сұраған.
Ал сотталғанның адвокаттары үкімді өзгертіп, оны жекелеген бап бойынша ақтауды, адам өлтіру бойынша өзге саралау жасап, жаза тағайындауды сұраған.
Прокурор бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Апелляциялық алқа істі қарап, бірінші сатыдағы соттың Ш.Аймаханның кінәсі туралы тұжырымдарымен келісті. Сот үкімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіздер анықталмаған.
Осыған байланысты 2026 жылғы 24 қыркүйектегі қаулымен үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Сот актісі заңды күшіне енді.