Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровтың алтын медалі қоғамда қызу талқылануда. Әлеуметтік желілерде спортшының тарихи жетістігіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Жазушы Қанат Тілеухан Instagram парақшасында бұл мәселеге қатысты көзқарасын білдіріп, Шайдоровтың жеңісін мемлекет немесе Үкіметтің жетістігі ретінде бағалауға қарсы екенін айтты.
Оның пікірінше, Олимпиада алтыны – ең алдымен спортшының жеке таланты мен табанды еңбегінің жемісі.
«Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы алтыны – елдің жеңісі емес, Үкіметтің жетістігі емес. Бұл – өзінің қабілетін еңбегімен шыңдап, үлкен нәтижеге жеткен адамның жеке жеңісі. Ол кішкентайынан осы спорт түрін таңдап, кәсіби түрде дайындалды. Бүгінде сол еңбегінің арқасында тарихи жетістікке қол жеткізді. Біз көбіне спортшылардың жеңісін өзімізге меншіктеп алғымыз келеді. Алайда бұл жеңіспен ешкім ортақтаспауы керек, тек қуанышын бөлісуге болады», – деп жазды Қанат Тілеухан.