1 қарашада қазақстандық балуан Нұрқожа Қайпанов Астанада өтіп жатқан еркін күрестен 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында белдеседі. Оның қарсыласы - ресейлік Иналбек Шериев, - деп хабарлайды Tengri Sport-қа сілтеме жасап ult.kz.
Белдесу 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 18:59-да басталады деп жоспарланған.
Оны "Qazsport" телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады. Сондай-ақ, жарыс телеарнаның ресми сайтында көрсетіледі.
Қайпанов финалға қалай жетті?
Қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына дейін төрт қарсыласын жеңді.
Ол Косово өкілі Эгзон Джониді 10:0, әзербайжандық Туран Байрамовты 4:0, тәжікстандық Виктор Рассадинді 11:0 және жапониялық Ёсиносукэ Аоягиді 3:1 есебімен ұтты.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов - 2024 жылғы әлем чемпионы. Сондай-ақ, ол 2019 жылғы әлем біріншілігінде күміс, 2025 жылы қола жүлдеге ие болған.
Бұдан бөлек, қазақстандық балуан 2019, 2021 және 2025 жылдары Азия чемпионы атанған.
Астанадағы күрестен әлем чемпионаты: Қазақстан алғаш рет финалға шықты
Еске салайық, күрес түрлерінен әлем чемпионаты Астанада 24 қазанда басталып, 1 қарашада аяқталады.
Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында грек-рим күресінен үш қола, ал әйелдер күресінен бір қола медаль бар.
Бұған дейін еркін күрестен Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан жарыстың алғашқы белдесуінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевтан жеңілген еді.
Кейін ресейлік балуан да алтын медаль үшін таластан шығып қалды. Ол Олимпиада чемпионы, америкалық Кайл Снайдерге есе жіберді.
Кеше Ризабек Айтмұханның Астанадағы әлем чемпионатынан кейін тізесіне ота жасатқаны белгілі болды.