Саяси футбол: Аргентина құрамасы ФИФА-ның тәртіптік жазасына ұшырауы мүмкін

Саяси футбол: Аргентина құрамасы ФИФА-ның тәртіптік жазасына ұшырауы мүмкін
ашық дереккөз

2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны 2:1 есебімен жеңгеннен кейін Аргентина футболшылары «Las Malvinas son Argentinas» («Фолкленд (Мальвин) аралдары – Аргентинаға тиесілі») деген жазуы бар баннерді көтеріп, жеңісті атап өтті, деп хабарлайды ult.kz. 

Бұл әрекет ФИФА-ның саяси ұрандар мен мәлімдемелерге тыйым салатын ережелерін бұзуы мүмкін. Осыған байланысты ұйым Аргентина футбол федерациясына қатысты тәртіптік іс қозғауы ықтимал. 

Фолкленд аралдары (Аргентина оларды Мальвин аралдары деп атайды) – Ұлыбритания мен Аргентина арасындағы ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан даулы аумақ. 

1982 жылы осы аралдар үшін екі ел арасында 74 күнге созылған соғыс болып, онда 655 аргентиналық және 255 британдық әскери қызметкер қаза тапқан. 

Бұл Аргентинаның осындай әрекеті бірінші рет емес. 2014 жылы да дәл осындай баннер көрсеткені үшін Аргентина футбол федерациясына ФИФА 20 мың фунт стерлинг көлемінде айыппұл салған болатын. 

Соған қарамастан, Аргентина вице-президенті Виктория Вильярруэль бұл оқиғаны қолдап, әлеуметтік желіде:

«Бұл жай ғана футбол матчы емес еді. Мальвин аралдары – Аргентинаға тиесілі. Олар баннерді стадионға алып кіруге тыйым салуы мүмкін, бірақ біз оны жүрегімізде алып жүреміз», – деп жазды. 

Ал Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони матч алдында футбол мен саясатты араластырмайтынын айтып, 1982 жылғы соғыстың қайғылы кезең екенін және мұндай тарихи даулар футбол алаңына шықпауы тиіс екенін мәлімдеген еді. 

Енді ФИФА Аргентина құрамасының бұл әрекетіне қандай шешім қабылдайтыны алдағы күндері белгілі болады.