Қызылордалық келіншек марқұм ұлының ұрығын сақтап қалғысы келеді

Қызылордалық келіншек марқұм ұлының ұрығын сақтап қалғысы келеді
Коллаж: әлеуметтік желі

Үндістанда көз жұмған 16 жастағы Сұңқар Сәбиттің ұрығын Қазақстанға жеткізу мәселесі қоғамда қызу талқылануда. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Белгілі болғандай, Қызылорда облысының тұрғыны Сұңқар Сәбит аталық безінің қатерлі ісігін емдету үшін анасымен бірге Үндістанның Дели қаласына барған. Дәрігерлер химиялық терапияны бастамас бұрын оның болашақта әке атану мүмкіндігін сақтау мақсатында ұрығын арнайы жағдайда қатырып сақтаған.

Алайда жасөспірім қатерлі ісіктен емес, жүрегіндегі тромбтың жарылуы салдарынан 20 сәуір күні қайтыс болған.

Қазір марқұмның анасы Райхан Мәлікова ұлының ұрығын Қазақстанға алдыртып, ел аумағында сақтауды көздеп отыр. Оның айтуынша, бұл мәселеде тиісті қолдау қажет.

Журналист Руслан Өтепбай аталған мәселені шешу үшін Үндістанға аттанғалы жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін Райхан Мәлікова ем іздеу барысында делдалдардың құрбаны болғанын айтып, жұмсалған қаражатқа қарамастан ұлына толыққанды ем көрсетілмегенін мәлімдеген еді. Ал Сұңқар Үндістанға барғаннан кейін 12 күннен соң көз жұмған.

Өз кезегінде жасөспірімнің емделуіне көмектескен «Medical Travel» компаниясының өкілдері марқұмның анасынан ешқандай қаражат алмағандарын мәлімдеді.