Алматы облысында ХҚКО қызметкері қызметтік көлікпен 77 жастағы әйелді қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Жол апатынан ауыр жарақат алған әйел көз жұмды. Көлік жүргізген 26 жастағы ер адам кейін ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, қайғылы оқиға 11 тамыз күні кешкі уақытта Алматы – Шелек – Қорғас – Бәйсейіт тасжолында болған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Kia Sorento көлігін басқарған жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан 77 жастағы әйелді қағып кеткен.
Жол апатынан кейін жүргізуші зардап шеккен әйелге көмек көрсетпестен, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін полиция оның жеке басын анықтап, ұстады. Қазір күдікті қамауда.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, көлік тізгінінде болған ер адам Алматы облысындағы ХҚКО қызметкері болған және жол апаты кезінде қызметтік көлікті басқарған. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жазба авторы филиал басшылығы оқиғаны жасыруға тырысқанын мәлімдеген.
Бұл ақпаратқа қатысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы түсініктеме берді. Корпорация филиал қызметкерінің қызметтік көлікпен жол апатына түскенін растады.
Оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, онда лауазымды тұлғалардың әрекеті, ішкі бақылау деңгейі және қызметтік көліктерді пайдалану тәртібі қаралған.
Тексеру қорытындысында филиал директоры мен оның орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Филиал директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасарына қызметтік көліктің пайдаланылуын тиісті деңгейде бақыламағаны және қызметтік ақпараттың толық әрі шынайы берілуін қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жаза қолданылған.
Ал филиал директоры филиал жұмысын басқару және бақылау, ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ мекеме мүлкінің сақталуы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Мемлекеттік корпорация жүргізушінің қылмыстық жауапкершілігі құқық қорғау органдары мен соттың құзыретінде екенін атап өтті.
«Жүргізушінің жауапкершілік деңгейі мен сипаты қылмыстық іс пен сот талқылауы аясында қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықталады», – деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет».
Мемлекеттік корпорация қаза болған 77 жастағы әйелдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.