Қытай астанасы Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына арналған салтанатты жиын өтіп, мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға партияның ең жоғары марапаты – «1 шілде» ордені табысталды, деп хабарлайды ult.kz ССTV телеарнасына сілтеме жасап.
Биыл бұл жоғары марапатқа сегіз адам ие болды. Олардың қатарында қазақ ұлтының өкілі, дәрігер Ухас Сүлеймен де бар. Ол осы орденге ие болған алғашқы қазақ ретінде тарихқа енді.
Қытайдың ресми мәліметіне сәйкес, Ухас Сүлеймен өмірін шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығын қорғауға арнаған. Ол 40 жылдан астам уақыт бойы атпен жайлау мен шалғайдағы елді мекендерді аралап, қолында дәрі қобдишасымен халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді. Дәрігер аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан тұрғындарға қызмет етуді тоқтатпаған.
Ухас Сүлеймен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін аудандық мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарған.
1975 жылдан бері ол 100 мыңнан астам науқасты емдеп, мыңдаған ауыр хәлдегі адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосты. Сондай-ақ 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектескен.
Ауылдық денсаулық сақтау саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін бұған дейін де Ухас Сүлеймен «Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері», «Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі» және «Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері» секілді мемлекеттік марапаттарға ие болған.
Айта кетейік, «1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты. Ол 2017 жылы тағайындалып, әдетте бес жылда бір рет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосқан партия мүшелеріне беріледі. Бүгінге дейін бұл марапатты 37 адам алған. Ухас Сүлеймен – аталған орденге ие болған тұңғыш қазақ.