26 тамызда Астанада Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі мен «ҚХР жоғары оқу орындары түлектерінің достығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қытай жоғары оқу орындарының түлектері мен Қытайда білім алып жатқан студенттердің басқосу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ult.kz.
«Тамаша Қытайда білім алу – Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты бірге нығайтамыз» тақырыбындағы кездесу жүзге жуық жастың басын қосты.
Елші: «Қытай білім алып, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға ұмтылатын елге айналып келеді»
Қытайдыңдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырза өз сөзінде Қазақстанда білім күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған жиынның маңызына ерекше тоқталып өтіп, Қытай ежелден білім іздеп келушілерді құшақ жая қарсы алатынын айтты.

«Бүгінде Қытай білім беру саласында өз есігін әлемге барған сайын кеңірек ашып, халықаралық ынтымақтастықтың ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп, мазмұнын тереңдете түсуде. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024–2025 оқу жылында Қытайдың 30 провинциясында, автономиялық аудандары мен орталыққа бағынатын қалаларында орналасқан 1100-ден астам жоғары оқу орнында, ғылыми-зерттеу институттары мен басқа да білім беру мекемелерінде 191 ел мен өңірден келген 380 мыңнан астам шетелдік студент білім алып, тағылымдамадан өтіп және кәсіби даярлықтан өткен.
Қытайда білім алу жыл сайын танымал бола түсуде. Әлемнің әртүрлі елдерінен келген жастар үшін Қытай сапалы білім алуға қолайлы әрі тартымды бағыт қана емес, сонымен қатар білім алып, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуға ұмтылатын елге айналып келеді», – деді Хань Чуньлинь мырза.
Сонымен қатар өз сөзінде Қытайдыңдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қытай Халық Республикасында білім алатын жастарға өз ақыл-кеңесін айтты.
«Біріншіден, білімді ынтамен игеріп, біліміңіз бен дағдыларыңызды жетілдіріңіз. Қытайда білім алу мүмкіндігін бағалап, қытай тілін жақсы меңгеруге және таңдаған мамандығыңызды терең игеруге ұмтылыңыз. Көкжиегіңізді үнемі кеңейтіп, жан-жақты біліміңіз бен кәсіби даярлық деңгейіңізді арттырыңыз. Бұл болашақ кәсіби қызметіңіз бен мансаптық дамуыңызға берік негіз қалайды.
Екіншіден, Қытайды танып-біліп, оны тереңірек түсінуге ұмтылыңыз. Қытайда білім алу мен өмір сүру барысында берілетін мүмкіндіктерді барынша пайдаланыңыз: ел бойынша көбірек саяхаттап, оның өңірлерімен, қоғамымен және күнделікті өмірімен танысыңыз. Қазіргі Қытайдың жетістіктерінің терең себептері мен ішкі логикасын түсінуге және осы елді шын мәнінде жақсы білетін маман болуға ұмтылыңыз.
Үшіншіден, достық дәстүрін жалғастырып, ізгі ниет елшісі болуға ұмтылыңыз. Қытай туралы айтып, Қазақстан халқына шынайы, сан қырлы әрі тұтас Қытайды таныстырыңыз. Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың белсенді қатысушысы, дәнекері әрі дамуына үлес қосушы болыңыз. Алған білімдеріңізді елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға және Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы достықты нығайтуға арнаңыз», – деді елші.
Бүгінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып, өзара сенімге, тату көршілікке және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген. Екі ел көшбасшыларының стратегиялық бағытының арқасында саяси, экономикалық, инвестициялық, көлік, ғылым, мәдениет және білім беру салаларындағы өзара іс-қимыл белсенді дамып келеді. Әсіресе білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Қазір мыңдаған қазақстандық Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алып, кәсіби біліммен қатар, елдің мәдениеті мен дәстүрін терең меңгеріп жүр.

Қытай жоғары оқу орындарының түлектері бүгінде мемлекеттік мекемелерде, халықаралық ұйымдарда, білім беру және ғылыми орталықтарда, дипломатиялық қызметте, бизнесте, бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа да салаларда табысты еңбек етіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Олардың көпшілігі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, іскерлік байланыстарды дамытуға, мәдени алмасулар мен қоғамдық дипломатияны ілгерілетуге белсенді қатысып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достықтың сенімді көпіріне айналуда.


Достық қабылдауы Қытай жоғары оқу орындарының түлектері мен студенттерін, Қытайда білім алуға дайындалып жүрген жас қазақстандықтарды, білім беру мекемелерінің, мемлекеттік құрылымдар мен серіктес ұйымдардың өкілдерін біріктіреді.
Бұл – еркін пікір алмасуға, Қытайдағы білім алу тәжірибесі мен оқу барысындағы қызықты оқиғалармен бөлісуге, жаңа таныстықтар орнатып, кәсіби байланыстарды нығайтуға арналған алаң.
Қытайда білім алып жүрген қазақстандық жастар: «Екі ел достығын нығайтуға үлес қосамыз»

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Қарамай қаласында мұнай саласы бойынша білім алып жатқан Ерсұлтан Жапар Қытайда оқуды бұрыннан қалағанын, ол жақтың білімін жоғары бағалайтынын айтты. Ол Қытайда білім алуды таңдау себебі, екі ел арасындағы достық қарым қатынас және:
«Еуропа елдерімен салыстырғанда, Қытайдың даму қарқыны өте жоғары. Біз сияқты жастарға үйренер өте көп. Қытай шынымен жақсы ел. Адамдары жайлы, ізетті, ақжарқын. Қытайда оқу қатты қиын емес, бірақ тіл білімімен қиындықтар туындауы мүмкін. Әсіресе химия, физика сияқты техникалық сабақтар қытай тілінде өтетін болғандықтан күрделі», – деді студент.

Ал Бейбарыс Әбдіразақ «Зерделі» мектебінде 11 сыныпта оқиды. Ол қазір қытай тілін үйреніп жүр екен. Арманы Қытайға барып білім алу.
«Қазіргі таңда Қытайда оқып, білім алсаң, болашағың жарқын болады деген сөз. Себебі қытай тілі өте қажет тілдердің бірі. Қазір болашағыма көмектеседі деген оймен қытай тілін үйреніп жүрмін. Осы іс-шарада өзіммен жасты балалармен танысып жатырмын. Мен бала кезімнен саясатқа қызығамын. Сондықтан халықаралық қатынастар мамандығын таңдадым. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында қарым қатынас өте жақсы дамып жатыр. Тек сауда-саттық саласында ғана емес, басқа бағыттарда да қарқынды дамып келеді. Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай басшысы Си Цзиньпин кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, достық қарым қатынасты күшейюуге ат салысуда. Болашақта да осылай елдеріміздің достастығы жалғаса береді деп ойлаймын», – деді Бейбарыс Әбдіразақ.

Іс-шараға Ақтөбе қаласынан арнайы келген Адэль Жәнібекова Қытайдың Шанхай қаласына оқуға түскен. Қытай оған бейтаныс ел емес.
«Менің ата-анам «Болашақ» бағдармасымен Қытайда оқып жүрген кезде танысып, отбасын құрған. Біздің отбасымыз үшін Қытай елінің маңызы зор. Қытай еліне және қытай тілі мен мәдениетіне қызығушылығым ата-анамнан берілді десем болады. Мен өзім аэроғарыш инженерия саласын немесе физика мамандығын таңдағым келеді. Себебі өзім физика пәнінен халықаралық оллимпиадалардың жеңімпазымын», – деді Адэль Жәнібекова.
Сондай-ақ шарада арнайы дайындалған видеоролик көрсетіліп, шағын концерттік бағдарлама өтті.


Жиын барысында қатысушылар Қытайда білім алу тек сапалы білім мен кәсіби тәжірибе жинақтауға ғана емес, екі елдің мәдениеті мен дәстүрін терең танып, өзара достық пен түсіністікті нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Басқосу жастардың жаңа білім мен тәжірибесін болашақта Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағыттайтынын көрсетті.