Орталық Азия психоанализ орталығының директоры, психолог Анна Құдиярова қоғамдағы психологиялық ахуал мен Димаш Құдайбергеннің танымалдығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz, Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Психологтың айтуынша, Қазақстанда психологиялық мәдениет енді ғана қалыптасып келеді. Оның сөзінше, қоғамда ұят пен кінә ұғымдары жиі шатастырылады, бұл адамдардың еркін дамуына кедергі келтіреді.
«Менің болжамым бойынша, біздің қоғам психологиялық тұрғыдан шекаралық деңгейде қалып қойғандай әсер қалдырады. “Қазақты ұят өлтіреді” деген сөз бекер айтылмаған. Ұят - кінә сезімімен бірдей ұғым емес. Қазір адамдардың мәдениеті өзгеріп жатыр. Ішкі құндылықтарды біртіндеп реттеп келеміз, енді сыртқы құндылықтарды да жаңарту қажет», - деді психолог.
Сұхбат барысында ол Димаш Құдайбергеннің әлемдік танымалдығына қатысты да ойын айтты.
«Қытай болмаса, Димашты кім танитын еді?» - деген пікірі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып жатыр.
Айта кетейік, аталған пікірлер QASQA JOL YouTube жобасының кезекті шығарылымында айтылған. Бағдарламада қазақ қоғамының психологиялық жай-күйі, отбасылық құндылықтар және қоғамдағы өзекті мәселелер сөз болған.