Freedom Inside '26

Қырғызстаннан әкелінген 2,2 тоннадан астам шие мен алхоры Қазақстанға кіргізілмеді

Қырғызстаннан әкелінген 2,2 тоннадан астам шие мен алхоры Қазақстанға кіргізілмеді
Gov.kz

Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізілмек болған карантиндік зиянкестер анықталған 2,2 тоннадан астам жеміс өнімінің ел аумағына енгізілуіне тыйым салынды, деп хабарлайды ult.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық инспекциясының мәліметінше, заңбұзушылық «Қордай» автомобиль өткізу бекетінде фитосанитариялық бақылау кезінде анықталған.

Тексеру барысында Қырғыз Республикасынан келген көліктегі 800 келі жаңа піскен алхорыдан Комсток сымыры, ал 1 450 келі шие партиясынан азиялық жеміс шыбыны табылған.

Мамандардың айтуынша, бұл карантиндік зиянкестер ауыл шаруашылығы үшін аса қауіпті. Олар таралған жағдайда жеміс ағаштарын зақымдап, бау-бақша шаруашылықтарына елеулі экономикалық шығын келтіруі мүмкін.

Фитосанитариялық бақылау қорытындысы бойынша залалданған өнімдердің барлығы Қазақстан аумағына өткізілмей, кері қайтарылды.

Сонымен қатар, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті мемлекеттік шекарада фитосанитариялық бақылау күшейтілген режимде жалғасатынын атап өтті. Бұл шаралар қауіпті карантиндік нысандардың Қазақстан аумағына енуі мен таралуына жол бермеуге бағытталған.