Бішкекте жаңа «Бішкек Арена» стадионының ашылуына арналған концертке 60 мыңға жуық көрермен жиналды. Шараға Қазақстан, Қырғызстан және басқа елдерден танымал өнерпаздар қатысқан. Қырғызстандық БАҚ-тар концерттің ауқымына жоғары баға бергенімен, ұйымдастыруға қатысты бірқатар сын да айтылғанын жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Қырғызстанның Kaktus.media басылымы ашылу кешінде Ninety One, «Ирина Кайратовна», Қайрат Нұртас, Sadraddin, Yenlik, «Дос-Мұқасан» және басқа да қазақстандық өнерпаздар өнер көрсеткенін жазды. Сонымен қатар қырғызстандық Мирбек Атабеков, Бек Борбиев, Ulukmanapo және өзге орындаушылар да сахнаға шыққан.
Ал «Вечерний Бишкек» концертіне барған көрермендердің пікірін жариялап, жаңа аренаның ауқымын ерекше атап өтті. Басылымға сұхбат берген көрермендер стадионның көлеміне және концерттің атмосферасына жоғары баға берген.
Қазақстандық әншілердің өнеріне қатысты да әлеуметтік желіде пікірлер айтылған.
Мәселен, Sadraddin өнер көрсетіп жатқан кезде сахна шетіне жақындаған оператор тепе-теңдігін жоғалтып, құлай жаздаған. Әнші оны ұстап қалуға тырысқанымен, операторды ұстай алмаған, бірақ оның камерасын қағып үлгерген. Бұл видео әлеуметтік желілерде тарап, қырғызстандық көрермендер Sadraddinнің әрекетін талқылаған.
Қайрат Нұртас пен Мирбек Атабековтің бірге орындаған «Сұранамын» әні де кештің есте қалған сәттерінің бірі болды. Қырғызстандық көрермендер бұл дуэтті екі елдің өнерпаздарының бірлескен әсерлі қойылымдарының бірі ретінде атап өткен.
Алайда концерттің ұйымдастырылуына қатысты сын да аз болмаған.
Kaktus.media концерттің соңғы хедлайнерлері – америкалық Redfoo мен Party Rock Crew сахнаға шыққан кезде трибуналардың бір бөлігі бос қалғанын жазды. Көрермендердің кейбірі кеш уақытқа, суық ауа райына байланысты концерт аяқталмай жатып үйлеріне қайтқан. Шоу түнгі сағат бірге дейін созылған.
Әлеуметтік желі қолданушылары концерттің тым ұзаққа созылғанын, көрермендердің тоңғанын және көлік мәселесі болғанын жазған. Кейбір пікірлерде қазақстандық әншілердің көп болғаны және негізгі хедлайнерлердің тым кеш шыққаны сыналған.
Сонымен бірге «Вечерний Бишкек» көлік аялдамаларының аренадан қашық орналасқанын және көрермендердің стадион ішінде өз орындарын табуда қиындықтарға тап болғанын атап өтті. Үлкен адам ағыны кезінде екі баланың ата-анасынан адасып қалғаны да жазылған.
Осылайша, қырғызстандық БАҚ-тардың материалдарына қарағанда, «Бішкек Арена» ашылуы елдегі ең ауқымды музыкалық шаралардың біріне айналған. Алайда концерттің ұзақтығы, көлік, навигация және көрермендерді ұйымдастыру мәселелері сынға түскен.