Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында бірнеше күн бұрын жоғалып кеткен 20 жастағы жігіттің денесі құдықтан табылды. Осы факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, марқұмның 15 жастағы туған інісі күдікке ілінді, деп хабарлайды ult.kz.
Astana телеарнасының хабарлауынша, 20 жастағы жігіт үйінің ауласына төсек салып, түнеген. Таңертең оның жоғалып кеткені белгілі болған. Жақындары өз беттерінше іздеу жүргізіп, бір тәуліктен кейін жігіттің денесін үйінен шамамен 400 метр жердегі жергілікті су құбырының құдығынан тапқан.
Марқұмның туыстары оның денесінен көгерген іздер мен мойнында жіпке ұқсас белгі байқағанын айтқан. Кей ақпаратта мәйіттің көрпеге оралған күйде табылғаны көрсетілген.
Құқық қорғау органдары қылмысқа күдікті ретінде марқұмның 15 жастағы туған інісін ұстаған. Ол сот санкциясымен қамауға алынған.
Алайда марқұмның ата-анасы тергеудің бұл нұсқасымен келіспейді. Олардың айтуынша, жасөспірімнің ағасына қастандық жасағанына сену қиын.
Отбасы бұған дейін үйден ақша ұрланған жағдайлар болғанын айтып, қылмысқа басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген болжам жасаған. Туыстары істің жан-жақты әрі объективті тергелуін талап етіп отыр.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы мен 20 жастағы жігіттің өліміне кімнің қатысы барын тергеу анықтайды.