Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия алғашқы нәтижені жариялады

Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссия алғашқы нәтижені жариялады
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады. Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді. 

Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті.

 Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Аталған мәселе Президенттің жеке бақылауында болады.

Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады.

 Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды.

 Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.

 Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды.

Не жағдай болды? 
 

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде Каспий теңізінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Қайғылы оқиға “Хазар Қорғаны - 2026” оқу-жаттығуы барысында болған.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтаудан шамамен 43 шақырым жерде “Қайсар” катерінен жеке құрамды түсіру кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілерді теңіз толқыны мен ағыс алып кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес, суға 17 әскери қызметші кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапқан.

Іздестіру-құтқару жұмыстары 25 қыркүйекте аяқталды. Сол күні бұған дейін із-түзсіз жоғалған сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылғаны хабарланды.

Қайғылы жағдайдан кейін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі - ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы - кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша жүргізіліп жатыр.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қылмыстық іс аясында бес лауазымды әскери қызметші ұсталған. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және “Қайсар” катерінің командирі бар.

Күдіктілер Ақтаудағы уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Тергеу барысында оқу-жаттығуды ұйымдастыру кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, ауа райы жағдайының ескерілуі және катердің техникалық жай-күйі тексеріліп жатыр.

Сонымен қатар жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.

14 әскери қызметшінің қазасына байланысты Қазақстанда аза тұту жарияланды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жалғасып жатыр.