Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Ақмола гарнизонына қарасты әскери бөлімдердің біріне алдын ала ескертусіз барып, тосын тексеру жүргізді, деп хабарлайды ult.kz.
Министр әскери бөлімдегі күнделікті қызметтің ұйымдастырылу барысымен, әскери қызметшілердің орналасу және тұрмыс жағдайымен танысты. Сондай-ақ бөлім аумағындағы нысандарды аралап, инфрақұрылымның қазіргі жай-күйін бағалады.
Тексеру барысында казармалардың жағдайына, әскери қызметшілерге жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға және бөлім инфрақұрылымының талапқа сай болуына ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі анықталған мәселелерді жою және әскери қызметшілердің тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.
Айдос Мырзахметов кім?
Айдос Сәкенұлы Мырзахметов - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-майор. Ол бұл қызметке 2026 жылғы 27 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған.

Мырзахметов 1981 жылғы 12 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. 2002 жылы Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери академиясын үздік тәмамдаған. Кейін ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік күзет жүйесінде жедел әрі командалық даярлық курстарынан өткен. 2025 жылы Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.
Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстанның Мемлекеттік күзет қызметінде офицерлік, командалық және басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. 2024 жылғы қаңтарда Қарулы Күштердің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Әскери қызметке 20 жылдан астам уақытын арнаған.
2022 жылы II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. 2026 жылы генерал-майор әскери атағын алған. Ресми өмірбаянында үйленгені және үш баласы бар екені көрсетілген.
Айдос Мырзахметов Каспийде оқу-жаттығу кезінде 14 сарбаздың қазасынан кейін бұл қызметке тағайындалды.