Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдап, елдің қорғаныс қабілетін нығайту және Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесуде әскери басқару жүйесін жетілдіру, кәсіби даярлық сапасын арттыру және әскердегі тәртіп пен жауапкершілікті күшейту мәселелері қаралды.
Президент әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылықтың негізгі басымдығы болуы керек.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы:
- әскери инфрақұрылымды дамытуды;
- қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғыртуды;
- заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізуді;
- әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын күшейтуді тапсырды.
Бұдан бөлек, әскердегі тәрбие жұмысын күшейту мәселесі көтерілді. Президент сарбаздардың бойында жауапкершілік, тәртіп және Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ әскери қызметшілер мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау мәселесіне баса мән берілді.