Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 60 млн теңгені заңсыз иемденді деген күдікпен шаруашылық басшысы қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті инвестициялық жобаны іске асыруға бағытталған бюджет қаражатының жымқырылғанын анықтады.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылы «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құраған. Оның ішінде корпорация серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған.
Бұл қаражатқа 1600 қой, 130 ірі қара мал және ет қаптайтын жабдық сатып алу жоспарланған. Жоба Жаңақорған ауданында ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға және тұрғындарды қолжетімді бағадағы сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, қажетті мал сатып алынғаннан кейін серіктестік басшысы бөлінген қаражаттың бір бөлігін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған.
Нәтижесінде оның бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерлерінің шоттарына жалпы сомасы 60 млн теңге заңсыз аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жария етілмейді.
Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталатынын ескертеміз.
Бұған дейін Қызылорда облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілгенін жазған болатынбыз.