Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады: бірқатар өңірде найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі

Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық сақталады: бірқатар өңірде найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі
astanatv.kz

«Қазгидромет» РМК 29 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің болжамынша, еліміздің басым бөлігінде қатты және өте қатты ыстық сақталып, кей өңірлерде найзағай, бұршақ, дауыл мен шаңды дауыл болады, деп хабарлайды ult.kz.  

Елордада 29 шілде күні күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Солтүстіктен соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Шымкентте солтүстік-шығыс желі 15-20 м/с күшейіп, күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Синоптиктердің мәліметінше, 29-30 шілдеде Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында, 29 шілде мен 1 тамыз аралығында Маңғыстау облысында қатты және өте қатты ыстық сақталады. Сонымен қатар 29-31 шілде аралығында Қостанай, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында да аптап ыстық болады.

29 шілдеден 1 тамызға дейін Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, ал 2 тамызға дейін Қызылорда мен Түркістан облыстарында қатты ыстық күтіледі. Осыған байланысты аталған өңірлердің басым бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Ең жоғары температура Маңғыстау облысында тіркелмек. Мұнда күндіз ауа температурасы 43-47 градусқа дейін көтеріледі. Атырау мен Ақтөбе облыстарында 40-43 градусқа дейін өте қатты ыстық болжанса, Қызылорда облысында 29-30 шілдеде 40-44 градус ыстық болады. Сонымен қатар Қызылорда облысының орталығы мен шығысында шаңды дауыл соғып, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының бірқатар аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні 20-25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарында тұман түседі.

Алматы облысының тау бөктерінде және Жетісу облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Іле Алатауында, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында желдің екпіні 15-20 м/с, кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл күтіледі.

Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты сақтық шараларын сақтауға шақырады. Әсіресе аптап ыстық кезінде күннің ең ыстық уақытында сыртта ұзақ жүрмеуге, жеткілікті мөлшерде су ішуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес береді.