Freedom Inside '26

Қазақстандық шахматшылар Гонконгтағы рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатында алты медаль жеңіп алды

Қазақстандық шахматшылар Гонконгтағы рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатында алты медаль жеңіп алды

Алуа Нұрман, Кұмар Түлепұлы және Айлин Зарқым 2026 жылғы рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионатынан жеке марапаттармен оралды. Алуа Нұрман алтын және күміс медаль алса, Айлин Зарқым — күміс, Кұмар Түлепұлы — күміс пен қола, ал Мұрат Омаров өз тақталарында қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды ult.kz

Жеке марапаттар Гонконгта өткен FIDE World Team Rapid and Blitz Championships 2026 турнирінде қазақстандық командалардың өнер көрсетуінің маңызды қорытындысы болды. Жарыста 48 команда қатысып, тақталарда Магнус Карлсен, Дин Лижэнь, Алиреза Фирузджа, Арджун Эригайси, Нодирбек Абдусатторов және басқа да әлем жұлдыздары ойнады. 

19 жастағы алматылық Алуа Нұрман блицте өз тақтасында алтын, рапидте күміс медаль жеңіп алды. Ол әуелі Магнус Карлсеннің командасын жеңуге үлес қосып, 12-ші әлем чемпионы (2008–2010), рапид бойынша әлем чемпионы (2021) және вице-чемпионы (2012, 2014, 2016) Александра Костенюкті жеңді. Кейін қолданыстағы әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен (Dragon Chilling) тең түсті. Одан кейінгі екі матчта тағы жеңіске жетті: өзбекстандық құраманың жетекшілерінің бірі Гүлрұхбегім Тоқыржонованы (Sky Chess) және 2025 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы, Претенденттер турнирінің қатысушысы Дивья Дешмұхты (Hexamind Chess Team) жеңді. Рапид турнирін Алуа әлемнің ең титулды шахматшыларының бірі Харика Дронаваллимен (Team MGD1) тең нәтижемен аяқтады. Рапидтегі алтынды Алуа Нұрман Индонезиялық халықаралық шебер Наяка Будихармаға тек ойнаған партиялар санының аздығы бойынша ұтып қалды. 

Блицте Алуаның жетістіктері қатарында 2025 жылғы Еуропа чемпионы Теодора Иньяцті (Theme International Trading) жеңуі және 2018 жылғы блиц бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері Лэй Тинцземен (Dragon Chilling) 1½–½ есебімен микроматчта жеңіске жетуі бар. 

20 жастағы қазақстандық әуесқой шахматшы Кұмар Түлепұлы рапидте күміс, блицте қола медаль жеңіп алды. Блицте оны 15 жастағы қазақстандық шахматшы Айлин Зарқым басып озды — ол сол тақтада күміс жүлдегер атанды. 

Kazchess командасына шақырылған шетелдік гроссмейстер, блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы Александр Грищук 1-тақтада жеке есепте екінші нәтиже көрсетті.

Hexamind Chess Team құрамында әуесқой ретінде ойнаған 20 жастағы Мұрат Омаров рапидте қола медаль алды.

Қазақстан шахмат федерациясы және оның бас демеушісі Freedom Holding Corp. Гонконгта Kazchess және Barys екі командасымен ұсынылды.

Kazchess құрамында: Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова және әуесқой Кұмар Түлепұлы. Сондай-ақ команда үшін шетелдік мықты гроссмейстерлер ойнады: Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук, Рихард Раппорт және Ван Хао. Команда капитаны — ҚШФ бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов.

Barys құрамында: Дмитрий Андрейкин, Пётр Свидлер, Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Даниял Сапенов, Ерғали Сүлеймен, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және әуесқой Айлин Зарқым. Команда капитаны — ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Рапид бойынша 2026 жылғы командалық әлем чемпионатында Қазақстан шахмат федерациясының екі командасы да топ-10-ға енді. Kazchess 15 матчтық ұпаймен 7-орынға, Barys дәл сондай ұпаймен 9-орынға тұрақтады. Barys командасының ең жарқын жеңістерінің бірі — Магнус Карлсеннің WR Chess командасын жеңуі болды. Бұл нәтиже әсіресе маңызды, өйткені WR Chess турнирдің басты фавориттерінің бірі және старт тізімін бастап тұрған команда еді.

Рапид аяқталған соң қатысушылар блиц бойынша 2026 жылғы командалық әлем чемпионатына көшті. Турнир 3+2 уақыт бақылауымен (партияға 3 минут + әр жүріске 2 секунд қосымша) өтті. Командалар алдымен топтық кезеңде ойнап, содан кейін 16 үздік плей-оффқа шықты.

Екі қазақстандық команда да топтық кезеңнен сәтті өтті. Barys A тобында 18 ұпаймен 3-орын алса, Kazchess D тобында сол ұпаймен 2-орынға тұрақтады.