Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women 2026 халықаралық турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті, деп хабарлайды ult.kz.
25 мамыр мен 5 маусым аралығында Норвегия астанасы Ослода өткен жарысқа әлемнің ең үздік алты шахматшысы қатысты. Турнир Deichman Bjørvika мәдени орталығында ұйымдастырылды.
Қазақстандық спортшының қарсыластары қатарында қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь, әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Чжу Цзиньэр, үндістандық тәжірибелі шахматшы Хампи Конеру, былтырғы турнир жеңімпазы Анна Музычук және әлем кубогының иегері Дивья Дешмукх болды.
Бұл дода Бибісара Асаубаева үшін алғашқы Norway Chess Women турнирі болғанына қарамастан, ол қарсыластарынан басым түсіп, жарыс аяқталмай тұрып чемпиондық атақты қамтамасыз етті. Сонымен қатар қазақстандық шахматшы турнир тарихындағы ең жас қатысушы атанды.
Жарыс екі айналымдық жүйе бойынша өтті. Әрбір қатысушы қарсыластарымен екі реттен кездесті. Классикалық партия тең аяқталған жағдайда жеңімпаз арнайы «Армагеддон» партиясында анықталды.
Бибісара Асаубаеваның бұл жеңісі қазақстандық шахмат үшін маңызды жетістік саналады. Әлемнің үздік шахматшылары бақ сынаған беделді турнирде топ жаруы оның халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.