Қазақстанда зейнетақы жинақтарын сақтау тәртібі өзгереді

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын сақтау тәртібі өзгереді
ашық дереккөз

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдікті жүзеге асыру тәртібі өзгереді, деп хабарлайды ult.kz.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұл мемлекет БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беруден бас тартады дегенді білдірмейді.

Қазіргі тәртіп бойынша азамат зейнетақы төлемдерін алуға құқылы болған кезде оның БЖЗҚ-ға нақты аударған жарналары инфляция деңгейі ескеріліп есептеледі. Егер осы сома мен БЖЗҚ-дағы нақты жинақ көлемі арасында айырмашылық болса, ол республикалық бюджет есебінен өтеледі.

2027 жылдан бастап не өзгереді?

Әлеуметтік кодекстің 217-бабына сәйкес, мемлекет БЖЗҚ-ға нақты аударылған зейнетақы жарналарының бастапқы мөлшерде сақталуына кепілдік береді.

Министрлік бұған дейін салымшылардың зейнетақы жинақтарын инвестициялау процесіне тікелей ықпал ету мүмкіндігі шектеулі болғанын атап өтті. Инвестициялық саясатты мемлекет айқындағандықтан, инвестициялық кіріс инфляция деңгейінен төмен болған жағдайда туындайтын айырманы мемлекет өтеп келген.

Қазір азаматтардың зейнетақы активтерін басқаратын компанияны және инвестициялау стратегиясын таңдау мүмкіндігі кеңейіп келеді. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдікті бұрынғы тәртіппен қолданудың бастапқы негізі өзгеріп отыр.

Сонымен қатар зейнетақы активтерін басқару жүйесі мемлекеттік бақылауда қала береді.

Қазақстан Президенті басқаратын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап, активтерді басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және инвестициялау нәтижелері туралы есептерді тыңдайды.

Ал Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімін қалыптастырады. Үкімет инвестициялық саясаттың негізгі тәсілдері мен параметрлерін бекітеді.