Қазақстанда тұңғыш рет ананың жұмыртқа жасуша ядросын көшіру әдісімен сәби дүниеге келді

Қазақстанда тұңғыш рет ананың жұмыртқа жасуша ядросын көшіру әдісімен сәби дүниеге келді
Фото: freepik

Алматыдағы PERSONA клиникасында жұмыртқа жасушасының ядросын көшіру әдісімен дүниеге келген қыз бала бар. 43 жастағы әйел төрт жыл бойы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) арқылы жүкті болуға тырысқанымен, нәтижесі болмаған. Бұл туралы дәрігер Алмаз Шарман әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Дәрігердің мәліметінше, әйелге донорлық жұмыртқа жасушасын пайдалану ұсынылуы мүмкін еді. Алайда бұл жағдайда баланың генетикалық материалы анасының гендерімен толық сәйкес келмес еді. Сондықтан мамандар басқа әдісті қолданған.

Жасуша ядросын көшіру әдісі қалай жүргізіледі?

Мамандар ананың жұмыртқа жасушасынан ядроны алып, өз ядросы алдын ала алынған жас донордың жұмыртқа жасушасына көшірген. Осылайша, ананың генетикалық материалы донор жасушасының цитоплазмасымен біріктірілген.

Цитоплазмада жасушаны энергиямен қамтамасыз ететін митохондриялар бар. Жас ұлғайған сайын олардың қызметі әлсіреуі мүмкін. Бұл эмбрионның қалыпты дамуына кедергі келтіреді.

Жаңа әдістің мақсаты – ананың генетикалық материалын сақтай отырып, жасушаның дамуына қажетті жағдайды жақсарту. Одан кейін ЭКҰ рәсімі жүргізілген.

Алмаз Шарманның жазуынша, қыз баланың ДНҚ-сының 99,9 пайызы ата-анасына тиесілі. Донордан митохондриялар берілген. Сондықтан бұл әдісті кейде «үш ата-анадан туған бала» деп атайды.

Әдісті кім жүргізді?

Процедураны АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында жұмыс істейтін профессор, ғалым Шухрат Миталипов жүргізген. Ол PERSONA клиникасында эмбриология жөніндегі кеңесші қызметін атқарады. Жобаның ғылыми жетекшілері – Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин. Эмбриология жұмыстарының барлығын клиниканың қазақстандық мамандары атқарған.

Дәрігердің мәліметінше, ана мен нәрестенің жағдайы жақсы. Тағы бір пациент осы әдіспен жүкті болып, босануға дайындалып жатыр.

Әдіс әзірге эксперименттік деңгейде

Алмаз Шарман бұл тәсілдің әзірге эксперименттік екенін атап өтті. Ол барлық пациентке бірдей жарамайды, генетикалық ақауларды түзетпейді және сәтті нәтиже беретініне кепілдік жоқ.

Әдістің қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау үшін қосымша зерттеулер жүргізіп, дүниеге келген балалардың денсаулығын ұзақ уақыт бақылау қажет.

Дегенмен, бірнеше жыл бойы ЭКҰ арқылы жүкті бола алмаған отбасылар үшін бұл тәсіл жаңа мүмкіндік болуы ықтимал.