Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалі тағайындалады

Қазақстанда «Шәмші Қалдаяқов» медалі тағайындалады
Коллаж: ult.kz

Қазақстанда мемлекеттік наградалар қатарына «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атты жаңа құрметті атақ пайда болады. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді ұлттық мәдениет пен өнерді қолдау мақсатында қабылдаған.

Жаңа медаль ұлт мәдениетіне қызмет етіп, музыка өнерін дамытуға және ұлттық ән өнерін насихаттауға үлес қосқан азаматтарға беріледі.

Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы бейнелеу өнері, мүсіндеу, графика және сәндік-қолданбалы өнер саласында еңбек етіп, ұлттық мәдениетті дамытуға үлес қосқан шығармашылық өкілдеріне табысталады. 

Айбек Смадияровтың айтуынша, мәдениет пен өнер – ұлттық бірегейліктің маңызды тірегі. Сондықтан жаңа Ата заңда төл мәдениетті жан-жақты қолдау мемлекеттің конституциялық міндеті ретінде бекітілген.

Шәмші Қалдаяқов – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі, көптеген танымал әндердің авторы. Оның шығармалары қазақтың рухани-мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған.